Мектебіміздің 4-сынып оқушылары сынып жетекшілерімен бірлесіп «Батырлар» күнін атап өтті. Сынып жетекшілері Ризуанова Л., Хасанова Д., Шиямеденова Б. оқушылардың бойына батырлық, ерлік, отансүйгіштік және адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру мақсатында «Мен білетін батырлар» тақырыбында интерактивті сабақ пен сурет галереясын ұйымдастырды.
Іс-шара барысында балаларға түсінікті әрі қызықты болу мақсатында сабақ ертегі кейіпкерлері мен қазақ халқының ежелгі батырларының ерліктері туралы әңгімеден басталды. Оқушылар қазақтың даңқты батырлары Қобыланды мен Алпамыстың ерлік істерімен танысып, олардың елін, жерін қорғаудағы батылдығы туралы өз ойларын ортаға салды.
Шараның шығармашылық бөлімінде «Менің батырым» тақырыбында оқушылар өз қиялындағы немесе өмірдегі батырлардың суреттерін салып, әңгімеледі. Әр бала өз шығармашылық жұмысын қысқаша таныстырып, таңдаған батыры туралы қызықты әңгімелер айтты.
Іс-шара барысында оқушылардың шығармашылық қабілеттері дамытылып, батырлық пен ерліктің мәні түсіндірілді. Балалар батыр болу тек күшті болу емес, сонымен қатар мейірімді, батыл, адал және елге қызмет ету екенін түсінді.
«Мен білетін батырлар» интерактивті сабағы оқушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, олардың патриоттық сезімдерін арттыруға ықпал етті.












